Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі 2025 жылғы 25 ақпандағы бұйрығымен педагогтарды аттестаттау қағидалары мен шарттарына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Атап айтқанда, қағидалар жаңа редакцияда ұсынылды.
Педагогтерді, әдіскерлерді, білім беру ұйымдары басшыларының орынбасарларын, әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) қызметкерлерін аттестаттау бес жылда кемінде бір рет өткізіледі. Білім беру ұйымдарының бірінші басшылары үш жылда бір рет аттестаттаудан өтеді.
Педагогтер, әдіскерлер, бірінші басшылар, білім беру ұйымдары мен әдістемелік кабинеттер (орталықтар) басшыларының орынбасарлары біліктілік санатын беру немесе растау үшін өтініш негізінде біліктілік бағалауынан, ОЗП-дан, қызмет нәтижелерінің кешенді аналитикалық қорытындысынан өтеді.
Педагогикалық немесе тиісті бейін бойынша басқа да кәсіби білімі бар немесе педагогикалық қайта даярлау құжатымен тиісті біліктілігі расталған педагогтер үшін аттестаттау кәсіби стандарт пен біліктілік сипаттамаларына, сондай-ақ өту мерзімдері мен біліктілік санатының бірізділігі принципіне сәйкес жүргізіледі.
Мысалы, "педагог" біліктілік санатына өту үшін:
"педагог-стажер" мәртебесіне ие, педагогикалық өтілі кемінде бір жыл болатын тұлғалар; педагогикалық лауазымда жұмысын қайта бастағандар (қайта бастау мерзімі 5 жылдан аспауы тиіс) және жалпы педагогикалық өтілі кемінде бір жыл болатындар әрі біліктілік санаты жоқ тұлғалар; республикадан тыс жерде мамандығы бойынша оқудан (тағылымдамадан) өткендер;
сондай-ақ жақын және алыс шетелдерден келген, тиісті кәсіби құзыреттерге ие мамандар:
- оқу пәнінің (іс-әрекет саласының) мазмұнын, педагогика мен психологияның заманауи тәсілдерін біледі;
- жоспарлау жүргізеді, оқытудың (тәрбиелеу, дамыту) түрлі әдістері мен стратегияларын, бағалау құралдарын меңгерген;
- танымдық және білім беру процесінің қағидаттарын ескере отырып сабақ (іс-шара) өткізеді, күтілетін нәтижелерге қол жеткізеді, білім алушылардың қажеттіліктеріне қарай жеке тәсіл қолданады;
- білім беру ұйымы деңгейіндегі іс-шараларға қатысады;
- ата-аналарды (заңды өкілдерді) оқу (тәрбие, даму) нәтижелері бойынша хабардар етеді, әріптестерімен білім алушылардың үлгерімін (дамуын) талқылайды;
- өз тәжірибесін жетілдіру қажеттілігін анықтайды, әріптестерімен өзара әрекеттеседі;
- қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасының, кәсіби этиканың нормаларын сақтайды.
Сонымен қатар, "педагог-модератор", "педагог-эксперт", "педагог-зерттеуші", "педагог-шебер" санаттарына қойылатын талаптар бекітілді.
Біліктілік санаттарын беру педагогтің атқаратын лауазымына сәйкес жүзеге асырылады.
"Педагог-стажер" бір жылдан кейін аттестаттау рәсімін өткізбестен "педагог" санатын беру туралы өтінішті білім беру ұйымы басшысының атына ұсынады. Бірінші басшы өтініш түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде "педагог" санатын беру туралы бұйрық шығарады.
Егер әдістемелік кабинет (орталық) заңды тұлға құрмайтын құрылымдық бөлімше болып табылса, бірінші басшы мен басшының орынбасары әдістемелік кабинет әдіскері ретінде аттестаттаудан өтеді.
Дипломда көрсетілген бір мамандық шеңберіндегі пәндерді оқыту кезінде біліктілік санатын беру негізгі лауазым бойынша жүзеге асырылады.
Негізгі лауазым бойынша берілген біліктілік санаты дипломда көрсетілген мамандыққа кіретін барлық пәндерге қолданылады.
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының (оқу-өндірістік комбинаттардың) педагогтеріне біліктілік санатын беру (растау) оқытылатын бейінге немесе атқаратын лауазымына сәйкес жүргізіледі.
Егер педагог жоғары немесе техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында кәсіби даярлық жүргізілмейтін пәндерді оқытса, оның бұрын алған санаты сақталады. Кейінгі аттестаттау осы Қағидаларға сәйкес лауазымы бойынша өткізіледі.
Бірінші басшы, білім беру ұйымы немесе әдістемелік кабинет (орталық) басшысының орынбасары алғашқы аттестаттау кезінде ОЗП және қызмет нәтижелерінің кешенді аналитикалық қорытындысы негізінде біліктілік санатына өтініш береді, санаттардың кезектілігі сақталмайды.
Кейінгі аттестаттау осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен санаттардың бірізділігі қағидаты бойынша жүргізіледі.
Аттестаттау жүргізу үшін уәкілетті органда, облыстық, республикалық маңызы бар қала және астана, аудан, облыстық маңызы бар қала деңгейінде, сондай-ақ білім беру ұйымдарында оқу жылының 1 қыркүйегіне дейін комиссиялар құрылады.
Педагогтің білімін бағалау (ОЗП) келесі тапсырмалардан тұрады:
Мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепалды сынып педагогтері үшін:
- "Профиль бойынша әдістемелер, мектепке дейінгі педагогика және психология" – 50 тапсырма;
Бастауыш білім беру педагогтері үшін:
- "Пәндік білім" – 50 тапсырма;
Негізгі орта және жалпы орта білім педагогтері үшін:
- "Пәндік білім" – 50 тапсырма;
Қосымша білім беру ұйымдарының педагогтері үшін:
- "Педагогика және психология негіздері" – 50 тапсырма;
Арнайы ұйымдар мен интернат типіндегі ұйымдардың тәрбиешілері, педагог-психологтары және басқа да әлеуметтік-педагогикалық мамандар үшін:
- "Педагогика және психология негіздері" – 50 тапсырма;
Арнайы білім беру ұйымдарының педагогтері үшін:
- "Профиль бойынша пәндік білім" – 50 тапсырма;
ТжКБ және ОҚО ұйымдарының педагогтері үшін:
- "Пәндік білім" – 50 тапсырма;
Бірінші басшылар, орынбасарлар, әдістемелік кабинеттер қызметкерлері үшін:
- "ҚР заңнамасы және білім беру саласындағы нормативтік құқықтық актілер" – 60 тапсырма;
Әдіскерлер үшін:
- "Оқыту әдістемесі, ҚР заңнамасы және білім беру саласындағы нормативтік-құқықтық актілер" – 50 тапсырма.
ОЗП нәтижелері бойынша балл қою осы Қағидалардың 9-қосымшасына сәйкес жүргізіледі.
ОЗП оң нәтижелі деп танылады, егер төмендегі шекті деңгейлер орындалса:
Барлық педагогтер үшін:
- "педагог-стажер/педагог" – 50%;
- "педагог-модератор" – 60%;
- "педагог-эксперт" – 70%;
- "педагог-зерттеуші" – 80%;
- "педагог-шебер" – 90%.
Бірінші басшылар және орынбасарлар үшін:
Әдіскерлер үшін:
- "педагог-стажер/педагог" – 50%;
- "педагог-модератор" – 60%;
- "педагог-эксперт" – 70%;
- "педагог-зерттеуші" – 80%;
- "педагог-шебер" – 90%.
ОЗП орындау уақыты (нұсқаулықсыз):
- педагогтер үшін – 80 минут, "Математика", "Физика", "Химия", "Информатика" пәндері үшін – 125 минут;
- бірінші басшылар мен орынбасарлар үшін – 90 минут;
- мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға қосымша 40 минут беріледі.
ОЗП тапсырады:
- педагогтер, бірінші басшылар мен орынбасарлар – жылына бір рет тегін, бір рет ақылы;
- мерзімінен бұрын аттестаттауға өтініш берген педагогтер – жылына бір рет тегін;
- еңбек өтілі жоқ, педагогикалық немесе тиісті бейіндегі білімі бар, педагогикалық қызметке қайта оралушылар – бір рет тегін, кейін ақылы.
Пробалық тестілеу (педагогтің қалауы бойынша) жыл бойы ақылы түрде өткізіледі.
ОЗП өткізу кезінде бақылаушы ретінде білім беру органдарының өкілдері қатысады.
Төмендегі жағдайларда педагогтер ОЗП тапсырудан босатылады және қызмет нәтижелерінің кешенді қорытындысынан ғана өтеді:
- педагогикалық өтілі 30 жылдан асатын педагогтер бұрынғы санатты растау кезінде;
- "педагог-модератор" санатын алатын, бұрын "бірінші" немесе "жоғары" санаты бар педагогтер;
- "педагог-зерттеуші", "педагог-шебер" санаттарын қатарынан екі реттен артық растау кезінде.
Бұйрық 2025 жылғы 10 наурыздан бастап күшіне енеді.